Accessibility links

Қазақстан нарығын Ресейдің азық-түлік тауары басып барады. Неге?


Дүкен сөресіне азық-түлік қойып жатқан сауда қызметкері. Азаттық архивіндегі фото.
Дүкен сөресіне азық-түлік қойып жатқан сауда қызметкері. Азаттық архивіндегі фото.

Қазақстанның азық-түлік нарығында Ресейде жасалған тауар көбейгені байқалады. Мұны ресми статистка да растайды. Ресей Украинаға соғыс бастап, санкция құрсауында қалғалы Қазақстанға жіберетін әлеуметтік маңызы бар тауарлар үлесін еселеп арттырған. Қазақстанда қандай ресейлік тауар көбейген? Ел экономикасына қалай әсер етіп жатыр? Азаттық сарапшылар пікірін білді.

Импортқа тәуелділік артып барады

Кейінгі төрт жылда Қазақстан әлеуметтік маңызы бар көп тауар түрі бойынша импортқа тәуелділіктен арылған жоқ. Тіпті кейбірінде елдегі өндіріс көлемі азайып, импорт артты.

Мысалы, Украинадағы соғысқа дейін, 2021 жылы Қазақстанға Ресейден 8700 тонна ұн келсе, былтыр 67 500 тонна әкелінген. Сонда Ресейден келетін ұн көлемі 8 еседей өскен. Соғыс басталмай тұрып, Қазақстан ішкі нарығын отандық ұнмен 99,5 пайыз қамтып келген. Ал 2024 жылы бұл көрсеткіш азайды. Яғни, елдің өзіндегі өндіріс кеміп, импорт көбейді. Ал импортта көшбасшы – Ресей.

Қоймадағы қапталған ұн. Азаттық архивіндегі фото.
Қоймадағы қапталған ұн. Азаттық архивіндегі фото.

2021 жылы Қазақстанға ең көп сүт Қырғызстаннан келсе, Украинада соғыс басталғалы оның орнын Ресей басты. 2021 жылы солтүстіктегі көрші 8200 тонна сүт жеткізсе, 2024 жылы 2,3 есе арттырған – 19 300 тонна. Ал Қырғызстанның импортында өсім байқалмайды. Есесіне Қазақстанда шығатын сүт көлемі азайып, импорт көбейген. Бұл тауар түрі бойынша да 2021 жылмен салыстырғанда өндіріс азайып, импорт көлемі артты.

2021 жылы Ресейден көп әкелінген тағы бір әлеуметтік маңызы бар тауар – картоп. Ресей картобы екі есе көбейген. 2021 жылы 25 мың тонна картоп жеткізілсе, 2024 жылы 50 мың тонна келген. Картоп импортында Ресей үлесі басым бола түскенімен, Қазақстан ішкі нарығын картоппен 98 пайыз өзі қамтып отыр.

2021 жылы ең көп картоп Қырғызстаннан жеткізілген – 29 600 тонна, 2024 жылы 2800 тонна ғана әкелінген.

Картоптан басқа көкөніс түрлері (пияз, сәбіз) Өзбекстаннан көп келген.

Сауда орталығында көкөніс таңдап тұрған тұтынушылар. Азаттық архивіндегі фото.
Сауда орталығында көкөніс таңдап тұрған тұтынушылар. Азаттық архивіндегі фото.

Соғысқа дейін Қазақстанға тауық етін ең көп тасыған АҚШ болса, соғыс басталғалы үлесі азайып, былтыр оның орнын Ресей басты: 2021 жылдан 2024 жылға дейін Қазақстанға солтүстік көршіден келетін тауық еті 1,8 есе артқан.

Қазақстан ішкі нарығын тауық етімен толық қамтамасыз алмайды. Елге Ресей импорты көбейсе де, жалпы тауық еті бойынша өндірісте оң динамика бар.

Қант қызылшасы бойынша да Қазақстанның импортқа тәуелдігі артып барады. 2021 жылы елде саудаға шығарылған қанттың 60 пайызы сырттан келген, ал 2024 жылы импорт қанттың үлесі 74 пайызға жеткен. Соның 93 пайызы – Ресейдікі.

Қантпен бірге сырттан келген макарон, күнбағыс майы, ірімшік, сүзбе көлемі 2021 жылдан бері 1-1,3 есе артқан. Бұл тауарлар бойынша да Ресейдің үлесі 2021 жылдан бері артып келеді.

Жұмыртқа бойынша импорт үлесі былтыр ғана азайған. Оған сауда министрлігінің 2024 жылы мамырдан бастап 6 айға сырттан жұмыртқа әкелуге шектеу қойғаны себеп болды. Бұл шектеу болмағанда, 2023 жылғымен салыстырғанда тағы да Ресей өнімі көптеп кіретін еді.

Базарда жұмыртқа сатып тұрған адам. Азаттық архивіндегі фото.
Базарда жұмыртқа сатып тұрған адам. Азаттық архивіндегі фото.

Нарықтағы өзгеріске не себеп?

Статистика деректері нарықтағы жағдайды көрсетіп отырса да, Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілі ресейлік өнімдер көбейіп кетті дегенге келіспейді.

– Ондай үрдіс байқап жатқан жоқпыз. Соғыс басталғаннан кейін Ресей тауарлары көптеп кіріп жатыр дей алмаймыз, мөлшері жылдағыдай. Бірақ енді ол жақтан алып жатқан тауарымыз біраз екені рас. Әлеуметтік маңызы бар тауарларға келсек, басым бөлігін өзіміз отандық өнімдермен қамтимыз, 80-100 пайызға дейін. Ішінде бірқатар тауар бар: құс еті, сүт өнімдері, сосын қант. Ол бойынша біз бүгін ішкі нарықты отандық өндіріспен толық қамти алмаймыз. Қантты дамыту сатысында бірқатар шара қабылдап жатырмыз, жол картасы қабылданды, қант қызылшасының егістік алқабын ұлғайтуды көздеп отырмыз, инвестиция тарту, зауыт салу, қуаттылық көздерін көбейту бойынша жұмыстар жүріп жатыр, – деді Қазақстанның ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілі Марлен Оспанов.

Дүкен сөрелеріндегі сүт өнімдері. Азаттық архивіндегі фото.
Дүкен сөрелеріндегі сүт өнімдері. Азаттық архивіндегі фото.

Ал экономист Айдар Әлібаев, керісінше, нарықта ресейлік тауарлар көбейгенін байқаған және ол мұны қалыпты экономика үшін кереғар жағдай деп есептейді.

– Негізінен керісінше болуы керек емес пе, соғыс Ресейдің бізге экспортын азайтуға тиіс болған. Себебі олардың ішкі нарығында сұраныс артып, тауар өздеріне қажет болуы керек. Бірақ шын мәнінде, бізде ресейлік өнімге сұраныс артып жатыр. Неге? Өйткені бізде өндіріс жоқ. Мысалы, біз сыртқа бидай сатамыз, бірақ елде оның өндірісі дамымаған. Сондықтан бәрін Ресейден сатып аламыз. Сұраныс бар. Бұның сыры өте қарапайым: егер сұраныс болмаса, ресейліктер бізге тауарын әкелмес еді. Ал неге сұраныс бар? Себебі өзіміздің өнім жоқ. Міне, осындай қарабайыр, сұмдық жағдай.

Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының зерттеуінше, 2024 жылы Қазақстан Ресеймен саудада есе жіберіп алған. Былтыр Ресейдің Қазақстанға импорты 8 пайыз артып, Қазақстанның Ресейге экспорты 6 пайыз төмендеген. Осы зерттеуге қатысқан маман Алмат Орақбайдың пікірінше, импорт өсуінің негізгі факторларының бірі – ең әуелі ішкі өндірісте теп-теңдік жоқ.

– Екіншіден, Еуразия экономика одағы аясындағы тиімді логистикалық интеграция. Үшіншіден, ресейлік тауар бағасының бәсекеге қабілетті болғаны. Сонымен қатар, Қазақстанда өңдеу өнеркәсібі жеткілікті дамымағандықтан, Ресейден келетін импорт ішкі сұранысты тұрақты қамтамасыз ететін тұрақты нарыққа айналған.

Қаржы сарапшысының сөзінше, Қазақстанмен салыстырғанда Ресейде қымбатшылық аса қатты емес, оның үстіне солтүстіктегі көрші елде ауыл шаруашылығы саласына қаржылай көмек жолға қойылған. Сол үшін олардың ұсынатын бағасы Қазақстан нарығына тиімді болып отыр.

– Импорт өскен сайын баға тұрақтап, халық сұранысы қамтамасыз етіліп жатқанын көріп отырмыз. Бірақ, екінші жағынан, бұл елдің азық-түлік саласын әлсірете түсті. Яғни, ішкі өндірісті дамытуға деген мотивация төмендеп, жалғыз жеткізуші елге тәуелдік артты. Алыс-берісте теңсіздік күшейіп, еліміздің жергілікті өндірушілерінің бәсекеге қабілеттігі төмендеп жатыр. Импорттың арқасында отандық өнімге деген тұтынушы қызығушылығы азайып келеді. Бұл, әрине, азық-түлік қауіпсіздігіне де қауіп төндіруі мүмкін.

Сарапшы Алмат Орақбайдың айтуынша, рубль нығайса, Қазақстан экономикасына оң әсер етеді, бірақ бұл отандық өндірушілерге зиян. Ал керісінше, рубль әлсіресе, теңгеге қысым күшейеді және елде қымбатшылық артады.

Ал экономист Арсен Керімбеков Қазақстанда Ресей тауарының көбеюіне бір себеп – Мәскеуге салынған Батыс елдерінің санкциясы деп біледі. Оның пікірінше, ресейлік өндірушілер санкцияны айналып өту үшін Қазақстан нарығын пайдаланып отыр.

– Қазір ең маңызды мәселе – Ресейдің Украинаға ашқан соғысы. Неге дейсіз ғой? Бүкіл дүниежүзі оларға санкция салды. Олар қазір рубльді конвертация жасай алмай, өзіне керек нәрсені сата алмайды. Мысалы, макарон фабрикасында кейбір нәрселерді тек қана импорттан сатып алатын. Олар сатып ала алмайды. Себебі рубльді ешкім қабылдамайды. Теңге қандай болса да конвертация еркін жасалатын валюта ғой. Теңгені алады, теңгеге еуро сатып алады, Астанаға керек затын әкеліп, сосын Ресейге апарады. Санкцияны айналып өтіп жатыр ғой, былайша айтқанда. Сол үшін тауар көп, нақты тұтыну тауарлары – кондитер өнімдері, бакалея тауарлары, шұжық, сүт өнімдері. Беларусьтен сүт өнімдері көптеп келіп жатыр. Мысалы, мен бүгін Астанадағы базарда болдым, Ресей емес, Беларусь майы бөлшек саудада 4 мың теңге. Ал "Родина" деген қазақстандық май 5,5 мың теңге, – деді Керімбеков.

Қазақстан, Ресей, Беларусь, Қырғызстан және Армения Еуразия экономика одағына мүше. Бұл елдер сауда-саттыққа келгенде шекараларын еркін ашып тастаған, кедендік кедергі болмайды, тек жергілікті жердің қосылған құн салығын төлейді. Деректерге қарасақ, Еуразия экономика одағында Ресей басты ойыншы болып отыр.

Сырттан келген тауардың сапасы

Сауда комитетінің өкілі "дүкен сөресінде отандық өнім көп, қайсы жақсысын таңдау тұтынушының өз еркі" дейді.

– Біз сауда желілерін араладық. Сөредегі сүттердің 87 пайызы – отандық өнім. Иә, Ресей мен Бераусь елдерінің сүт өнімдері бар. Бірақ түсіну керек, мысалы, арнайы жылумен өңделіп, зиянды микроорганизмдерден тазартылған және өте жоғары температурада өңделген сүт болады. Арнайы жылумен өңделген сүтті күнделікті қолдануға болады, ұзақ сақталмайды. Мен өзім сондай сүтті, мейлі "Родина" болсын, Natige болсын, сатып аламын. Оның сақтау мерзімі 4-5-ақ күн, одан артық сақтай алмайсың, яғни нақты сүт деген сөз. Ал өте жоғары температурада өңделген сүт жарты жыл сақталады. Ол қандай сүт жарты жыл сақталатын?! Ол қатты қорапқа құйылады, әкелінеді, сөреде тұра береді, бұзылмайды. Сосын дүкенге барған адамға Ресейдің заты көп болып көрінеді.

Түрксіб ауданы базарындағы ет бағасы, Алматы, 2 ақпан, 2025 жыл.
Түрксіб ауданы базарындағы ет бағасы, Алматы, 2 ақпан, 2025 жыл.

Қазақстан ет одағының басшысы Мақсұт Бақтыбаев елге сырттан келетін өнімдердің сапасы қатаң тексерістен өтпейді деп санайды. Оның пікірінше, дүкен сөрелерінде тұрған өнімнің бағасы сапасына сай емес, бұл тұтынушыны шатастырады.

– Бізде импорттаушыларға барлық жағдай жасалған, ал өз өндірушілеріміз көбірек тексеруден өтеді. Бұл керісінше болуы керек: отандық өндірушілерге барлық жерде "жасыл шам" болуға тиіс, ал импорттаушыларға барлық жерде тексеріс болуы керек. Мысалы, Ресейде керісінше: біздің өнімді оларға кіргізіп көр, сөреге дейін жеткенше сені мың рет тексереді. Бақылау өте қатаң. Ал бізде керісінше – не қаласаң, соны сата бер. Мұндай парадигманы өзгерту керек. Сырттан кірген тауардың бәрін жіті тексеруді жолға қою керек, ол үшін көп ресурстар қажет Бірақ бізде мұны ешкім жүйелі түрде істемейді, – деді Мақсұт Бақтыбаев.

Қазақстанның сауда министрлігі техникалық регламент талаптарын жетілдіріп жатқанын айтады. Биыл қаңтарда ЕАЭО шеңберінде айналымдағы өнімнің 85%-дан астамын қамтитын 47 техникалық регламент қабылданған.

Қазақстан мен Ресей экономикалық одақтағы мемлекеттер болғандықтан, өзара сауда-саттықтың дамуы – түсінікті құбылыс. Ортақ экономикалық кеңістік пен кедергісіз сауда жүйесі тауар айналымын айтарлықтай жеңілдетеді. Кейінгі жылдары Ресейден келетін өнімдердің көбеюі – саяси дағдарыстың салдары болғанымен, сарапшылардың сөзінше, Қазақстанның азық-түлік қауіпсіздігі саласындағы көп кемшілікті әшкерелеп берген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG