Accessibility links

ЖАҢАЛЫҚТАР

Путин: Сочи гейлерді қабылдай алады

Ресей президенті Владимир Путин
Ресей президенті Владимир Путин
Ресей президенті Владимир Путиннің айтуынша, елде гомосексуализмді насихаттауға тыйым салынғанына қарамастан, Сочиде өтетін қысқы олимпиада кезінде "гомосексуал спортшылар мен жанкүйерлер еркін жүре алады".

Сочиде Халықаралық олимпиада комитетінің президенті Томас Бахпен кездескен Владимир Путин "кез-келген этникалық, нәсілдік топ пен жыныстық бағыты өзге атлеттер, жанкүйерлер мен қонақтар олимпиадада өздерін еркін сезіне алатындай жағдай жасаймыз" деді.

Биыл жазда Ресейде кәмелетке толмағандар арасында гомосексуализмді насихаттауға тыйым салатын заң қабылданған еді. Заң Батыс елдерінің сынына ұшырап, кейбір халықаралық ұйымдар Сочи олимпиадасына байкот жариялауға шақырған.

Сочидегі олимпиада ойындары 2014 жылдың 7-23 ақпаны аралығында өтеді.

Басқа да жаңалықтар

Бітім жайлы сөз болып жатқанда Ресей Украинаға 108 дронмен шабуылдаған

Киев маңына құлаған ресейлік Heran-2 дронының тамтығы. 10 мамыр, 2025 жыл.
Киев маңына құлаған ресейлік Heran-2 дронының тамтығы. 10 мамыр, 2025 жыл.

12 мамырға қараған түні Ресей әскері Украинаға 108 дронмен шабуыл жасаған. Бұл туралы Украина қарулы күштерінің әуе күштері хабарлады. Дрон шабуылы Одесса, Николаев, Житомир және Донецк облыстарына жасалған.

Одесса облысында дрон шабуылы салдарынан бір адам зардап шеккен.
Белгород-Днестровский қаласы да шабуылға ұшырады: тұрғын үйлерге, әкімшілік ғимаратқа және өрт сөндіру бөліміне зақым келген.

Украина темір жолы Донецк облысында жүк пойызына шабуыл жасалып, машинист жараланған деп хабарлады.

Осылайша, Ресей Украина билігі жасаған, Еуропа одағының жетекші елдері мен АҚШ қолдаған, 12 мамырдан бастап 30 күнге атысты толық доғару туралы үндеуді елеусіз қалдырды.

Украина Ресейге екіжақты бейбіт келіссөз бастау үшін әуелі атысты ұзақ мерзімге толық тоқтатайық деп шарт қойған. Ал Ресей президенті Владимир Путин атысты алдын ала тоқтатпай-ақ, 15 мамырда Стамбұлда келіссөз өткізуді ұсынды.

АҚШ президенті Дональд Трамп Украинаны Ресеймен мүмкіндігінше тезірек келіссөз бастауға шақырды. Бұған қоса ол бейбіт келісім жасау мүмкіндігіне күмән келтірді.

Украина президенті Владимир Зеленский Түркияға барып, Путинмен жеке кездесуге дайын екенін мәлімдеді, бірақ Путин ондай ойы барын айтқан емес. Зеленскийдің сөзіне қарағанда, ол атыс тоқтатылмаса да Түркияға бармақ ниетте. Мұны дереккөздерге сүйеніп Axios басылымы да растады.

Бұған дейін Ресей президенті Владимир Путин Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына орай үш күндік бітім жариялаған болатын. Путин бітім кезінде Ресей барлық әскери іс-қимылды тоқтатады деп мәлімдеген. Алайда украин әскерінің мәліметінше, Путиннің ол сөзі орындалмаған. Соған қарамастан, Украина қарулы күштерінің әуе күштері басшылығының деректері бойынша, үш күн бойы Украина аумағы жаппай дрон шабуылынан тыныш болған. Путин жариялаған үш күндік бітім 11 мамырға қараған түні аяқталды.

Қазақстанда кейінгі күндері бірнеше жерасты дүмпуі сезілді

Жер сілкінгенін тіркейтін арнаулы құрылғының жазбасы.
Жер сілкінгенін тіркейтін арнаулы құрылғының жазбасы.

12 мамыр күні Астана уақытымен таңертеңгі 6:33-те сейсмологиялық станциялар желісі Алматыдан оңтүстік-батысқа қарай 234 шақырым қашықта, Қырғызстан аумағындағы тауда болған жер сілкінісін тіркеді. Жерасты дүмпуі жер бетінен 10 шақырым тереңде болған, MPV шкаласымен 4,8 магнитудаға жеткен, энергетикалық класы – 10,4.

Хабарламада бірнеше ауылдың тұрғындары жер тербелгенін сезінгені айтылған: Қырғызстанның Жаны-Талап, Ақ-Кыя және Көк-Жар ауылдарында сілкініс күші – 3,5 балл, ал Қыдыралы, Сары-Иймек және Байченчек ауылдарында – 3 балл болған.

Өткен сенбіден бері Қазақстанның оңтүстік өңіріндегі тұрғындар бірнеше рет жерасты дүмпуін сезінді. 10 мамырда сағат 20.35-те Алматы маңында жер сілкінді. Қазақстанның төтенше жағдай министрлігінің сейсмостанция желісінің мәліметінше, эпицентрі Алматының оңтүстік-батысынан 35 шақырым жерде, Қазақстан-Қырғызстан шекарасында болған жерасты дүмпуінің күші Алматыда, Қаскелеңде және Қарғалы ауылында 2 балл болып сезілген. Ешкім зардап шекпеген, инфрақұрылымға зақым келгені туралы хабар түспеген.

11 мамыр күні Астана уақыты бойынша сағат 11:44-те Қазақстанның батысында жер сілкінді. Магнитудасы 4,3 баллға тең жерасты дүмпуі Теңіз мұнай-газ кен орны аумағында (Атыраудан оңтүстік-шығысқа қарай 350 шақырым) тіркелген. Сілкініс ошағы 10 шақырым тереңде орналасқан. Куәгерлердің айтуынша, жерасты дүмпуі шамамен 5 секундқа созылған. Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігі жер сілкінгенін растады, алайда ол сезілген жоқ және халықтан ешқандай суыт хабар түспеді деп мәлімдеді.

Рим папасы XIV Лео алғашқы дұғасында Украина мен Газаға бейбітшілік тіледі

Рим папасы XIV Лео Әулие Петр соборы балконынан халық алдында алғаш рет дұға оқып тұр. Ватикан, 11 мамыр, 2025 жыл.
Рим папасы XIV Лео Әулие Петр соборы балконынан халық алдында алғаш рет дұға оқып тұр. Ватикан, 11 мамыр, 2025 жыл.

Рим папасы болып жаңадан сайланған XIV Лео жексенбі, 11 мамыр күні Ватикандағы Әулие Петр соборы балконына шығып, "Regina Caeli" — "Көк патшайымы" деп аталатын Құдай анаға арналған дұғаны оқыды.

Жаңа папа ретінде алғашқы діни жоралығысын жасаған кезде XIV Лео әлемдегі ірі державаларды бұдан кейін соғысқа жол бермеуге үндеді. Рим папасы Ресей мен Украина арасында шынайы әрі берік бітімге келу, Газада атысты тоқтату және ондағы барлық израильдік тұтқындарды босату қажеттігін айтты.

Папа Үндістан мен Пәкістан арасында жақында болған қарулы жанжалды тоқтату туралы келісімді құптап, Құдайдан "бейбітшілік тілегенін" мәлімдеді.

Кардинал Роберт Прево биыл 8 мамырда Рим папасы болып сайланып, өзіне XIV Лео деген есімді таңдап алды. Ол Рим-католик шіркеуі басшылығына келген алғашқы америкалық діндар ретінде тарихқа енді.

Ватиканның баспасөз қызметінің хабарлауынша, понтификтің таққа отыруына арналған салтанатты құлшылық рәсімі 18 мамырда өтпекші, ал көпшілікпен алғашқы жүздесуі 21 мамырға жоспарланған.

XIV Леоға дейін, 2013 жылдан бері Рим католик-шіркеуін басқарған папа Франциск 21 сәуір күні 89 жасында өмірден озды. Марқұмды 26 сәуірде, оның өз өсиеті бойынша, Римдегі Санта-Мария-Маджоре базиликасында жерледі.

АҚШ пен Иран Оманда тағы да келіссөз өткізді

Оманда АҚШ-пен жанама форматта келіссөз өткізіп жатқан Иран делегациясы
Оманда АҚШ-пен жанама форматта келіссөз өткізіп жатқан Иран делегациясы

Жексенбі, 11 мамыр күні Оман астанасы Маскат қаласында Иранның ядролық бағдарламасына байланысты АҚШ пен Иран арасындағы келіссөздердің кезекті – төртінші кезеңі өтті.

Сәуір айынан бері жүргізіліп келе жатқан келіссөздер осы уақытқа дейін төрт түрлі жерде өтті. Техникалық тұрғыдан алғанда, олар жанама форматта ұйымдастырылған – өзара дипломатиялық қатынасы жоқ АҚШ пен Иран делегациялары осы мәселеде араағайын болып отырған Оман өкілдері арқылы байланыс жасайды. Алайда, жексенбі күні аты-жөні аталмаған америкалық өкілдің айтуынша, келіссөздердің бір бөлігі тікелей форматта өткен.

Иранның сыртқы істер министрі Аббас Аракчи келіссөздер аяқталған соң бұл кезеңді алдыңғы кездесулерге қарағанда "аса маңызды" және "анағұрлым егжей-тегжейлі" деп сипаттады. Ол келіссөздер алға жылжып жатқанын және жалғасатынын айтты, бірақ келесі кезең нақты қай күні өтетіні әлі белгіленбеген. АҚШ та бұл кезеңге "үміт тудырады" деген баға берді.

Келіссөздерге қатысқандардың мәлімдемелеріне қарағанда, келісімге қол жеткізуге негізгі кедергі болып отырған мәселе – уран байыту ісі. Жексенбі күні Аракчи Иран байыту деңгейін төмендете алады, бірақ оны толықтай тоқтатпайды деп мәлімдеді. Бұл орайда АҚШ-тың арнайы өкілі Стивен Уиткофф бұған дейін Вашингтон үшін Иранның уран байытудан толық бас тартуы – "қызыл сызық", яғни принципті ұстаным деп мәлімдеген болатын.

Оман елінің сыртқы істер министрі Бадр Әлбусаиди келісімге қол жеткізу жолында екі тарап та "пайдалы әрі тың" идеялар ұсынғанын мәлімдеді.

Президент Дональд Трамптың айтуынша, АҚШ-тың мақсаты – Иранның ядролық қаруға ие болуына жол бермеу. Вашингтон Ираннан ядролық бағдарламасын тоқтатуды талап етеді. Ал ресми Тегеран бұл бағдарлама ядролық қару жасауды көздемейді деп мәлімдеген. Трамп Иран басшылығына "мәмілеге" келуді ұсынған, бірақ оның егжей-тегжейі жария етілген жоқ. Алайда Тегеранның айтуынша, Иранға салынған санкцияларды жою – кез келген келісімде міндетті түрде көрсетілуі шарт. АҚШ президенті егер келісімге қол жетпесе, онда Иранға күш қолдану шараларын қолдануды жоққа шығармайтынын меңзеді.

ХАМАС кепілде ұстап отырған АҚШ азаматын босатуға уәде етті

Жеңі шолақ жейдеге басылған Идан Александердің портреті
Жеңі шолақ жейдеге басылған Идан Александердің портреті

Палестиналық ХАМАС радикалды тобы (АҚШ пен Еуроодақ оны террористік ұйым деп таныған) АҚШ пен Израиль азаматы Идан Александерді босататынын мәлімдеді. ХАМАС тобы 2023 жылғы 7 қазанда Израильге шабуыл жасаған кезде Александерді тұтқындап, Газа секторына алып кеткелі бері кепілде ұстап отыр.

Идан Александер – Израиль армиясының әскери қызметкері. ХАМАС оны Израильмен атысты тоқтату жайлы келісімге қол жеткізу және Газаға гуманитарлық көмек кіруін қамтамасыз ету жолындағы күш-жігер аясында босататынын мәлімдеген. Оған қоса бұл процеске Қатар, Түркия және Египет елдері арағайындық жасағанын айтқан. ХАМАС кепілге алынғандардың бәрін босату туралы келісім жасауға дайын екенін білдірді (мәлімдемеде бұл "тұтқын алмасу" деп аталған, себебі Израиль қарымта ретінде палестиналық тұтқындарды босатады).

Александердің нақты қашан босатылатыны әзірге белгісіз. АҚШ-тың арнайы өкілі Адам Бойлер бұл шешімді алға қадам деп атап, ХАМАС-ты қаза тапқан болуы мүмкін деп айтылып жүрген төрт америкалық азаматты да қайтаруға үндеген. Александер – ХАМАС кепіл ретінде ұстап отырғандар арасында тірі қалған соңғы америкалық азамат болуы мүмкін. Кейінгі деректерге қарағанда, 2023 жылы қазанда ХАМАС тұтқындап әкетіп, сол күйі қайтармай отырған 59 адамның кемінде 22-сі әлі тірі.

10 мамырда ХАМАС 2023 жылғы 7 қазанда Израильге жасаған шабуыл кезінде тұтқындап, кепіл ретінде Газа секторына әкеткен адамдар жайлы жаңа видео жариялады. Видеоның соңындағы титрде кепілге алынғандардың өмірін атысты тоқтату туралы келісім ғана сақтап қалады деп жазылған. Видео қашан және қандай жағдайда түсірілгені белгісіз.

Келесі аптада АҚШ президенті Дональд Трамп Таяу Шығысқа сапарын бастамақ. Ол Парсы шығанағындағы елдерге барғалы отыр, алайда Израильге бармайды. Жақында израильдік Maariv басылымы Ақ үй Газа секторында ауқымды әскери операцияның Трамптың сапары қарсаңында басталғанын қаламайтынын жазған. Ақпарат көзіне сүйенсек, АҚШ әскери іс-қимыдарға кедергі келтірмейді, бірақ оларға қолдау да танытпайды.

Осы мәселеде араағайын болған елдер атысты ең болмағанда уақытша болсын тоқтату және кепілге алынғандарды босату жөніндегі келісімге қол жеткізуге талпынып жатыр.

Трамп Украинаны Ресеймен Түркияда кездесуге үндеді. Зеленский "Путинді күтетінін" айтты

АҚШ президенті Дональд Трамп
АҚШ президенті Дональд Трамп

АҚШ президенті Дональд Трамп Украинаны Ресеймен 15 мамыр күні Стамбұлда келіссөз өткізуге"дереу" келісуге шақырды.

"Ресей президенті Владимир Путин Украинамен атысты доғару туралы келісімге қол қоюға ұмтылып отырған жоқ – оның орнына бейсенбі күні Түркияда осы қанды қасапты тоқтатуға қатысты келіссөз өткізуді ұсынды. Украина ол кездесуге дереу келіскені жөн", – деп жазды Трамп Truth Social әлеуметтік желісінде.

Трамптың жазбасынан Украина ұсынған және Еуропа одағының жетекші елдері қолдаған басты шарт – әуелі майдан шебінде 30 күнге атысты тоқтатуды талап етіп отырмағаны аңғарылады.

"Кем дегенде, қандай да бір мәмілеге келу мүмкін бе, соны айқындауға болады. Ал егер мүмкін болмаса – Еуропа елдерінің басшылары мен АҚШ жағдайды толық түсініп, тиісті әрекет жасай алады", – деді Трамп.

Бұған қоса ол "Украинаның Путинмен келіссөз жүргізе алатынына күмәндана бастағанын" айтқан. Оның сөзінше, Путин "Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңіс мерекесін тойлаумен аса әбігер болып отыр".

"Айтпақшы АҚШ қатыспағанда бұл соғыс ешқашан жеңіспен аяқталмас еді (тіпті маңайламайды да!)" деп жазған Трамп.

Украина президенті Владимир Зеленский Трамптың жазбасынан кейін Telegram-парағына Украина "дипломатия үшін қажетті жағдай жасау" үшін ертеңнен бастап "атыс толық әрі ұзақ мерзімге тоқтайды" деп күтетінін айтты.

Бұған қоса ол Түркияда Ресей президенті Владимир Путинмен бетпе-бет жеке келіссөз өткізуге дайын екенін мәлімдеді.

"Бейсенбіде Путинді жеке кездесу үшін Түркияда күтемін. Бұл жолы ресейліктер келмеуге сылтау іздемес деп үміттенемін", – деді Зеленский. Ол Трамптың мәлімдемесіне байланысты тікелей түсініктеме берген жоқ.

Кейінірек Зеленский бейнеүндеу жариялап, бейсенбіде Түркияда болатынын және сол жерде Путинмен жүздесем деп үміттенетінін растады. Зеленский Түркияда нақты қай жерде болатынын айтқан жоқ – ал Путин өз ұсынысында нақты Стамбұлда деп айтқан. Зеленскийдің сөзіне қарағанда, Ресей атысты тоқтатпаса да ол Түркияға баруға ниетті сияқты.

Украинаға Стамбұлда келіссөз өткізуге ұсыныс жасаған Ресей президенті Владимир Путин оған өзі қатысатыны жөнінде ештеңе айтпаған.

Ресей мен Еуроодақ өкілдері Трамп пен Зеленскийдің кейінгі мәлімдемелеріне байланысты әзірге реакция білдірген жоқ.

Бұған дейін жексенбі күні Трамптың Украина жөніндегі арнайы өкілі Кит Келлог алдымен атысты тоқтатып, содан кейін келіссөз басталу керек екенін және "басқа жол жоқ" екенін жазған.

Жексенбі күні Ресей мен Түркия президенттері телефонмен сөйлескені туралы хабар тараған. TRT Haber мәліметі бойынша, Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Анкараның диалог үшін алаң ұсынуға әзір екенін растаған және "бейбітшілікке қол жеткізу үшін мүмкіндік терезесі ашық" деп мәлімдеген. Түркия президенті сондай-ақ "жан-жақты атысты тоқтату келіссөздер үшін жағдай жасайды" деп атап өткен. Сонымен қатар, келіссөздер алдында Ердоған Франция президенті Эммануэль Макронмен телефонмен сөйлескен. "Соғысты тоқтатуға қарай тарихи бетбұрыс сәті туды – оны пайдалану керек. Түркия атысты тоқтатып, тұрақты бейбітшілік орнату үшін келіссөз ұйымдастыруды қоса алғанда кез келген үлес қосуға дайын", – деген Ердоған.

Ресей сыртқы істер министрлігі Ердоғанның Путиннің бастамасын толық қолдағанын хабарлады, бірақ атысты тоқтату туралы министрлік мәлімдемесінде ештеңе айтылмаған.

Бішкектегі мектепке Кемел Тоқаевтың есімі берілді

Кемел Тоқаев
Кемел Тоқаев

Бішкектегі №33 мектеп-гимназияға қазақ жазушысы, Қазақстанның қазіргі президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың әкесі Кемел Тоқаевтың есімі берілді. Бұл жөнінде Қырғызстан президентінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ресми ақпаратқа қарағанда, мектепке қазақ жазушысының есімін беру туралы бастаманы президент Садыр Жапаров көтерген.

№33 мектеп-гимназиясында соғыс жылдары жаяу әскер училищесі орналасқан және Кемел Тоқаев соны бітіріп, сол жақтан майданға аттанған деседі.

Бір ай бұрын Қазақстан президенті осы мектепке арнайы автобусты сыйға тартқан.

Кей сарапшылар Қасым-Жомарт Тоқаев президенттікке келгелі бері Қазақстанның өз ішінде оның әкесінің есімі жиі аталып, оны мақтау мен мадақтау жиілегенін айтады. Кейбірі Назарбаев кезеңіндегі жеке басқа табынушылық белгілері көріне бастағанын да айтқан.

Бұған дейін жергілікті шенеуніктер Кемел-Тоқаевтың суреті салынған ондаған кілем мен оның бейнесі бедерленген 200 медаль жасауға тендер жариялап, кейін қоғам сынынан кейін алынып тасталған еді. Тоқаевтың өзі жергілікті ақпарат құралдарына өзінің "мақтау-мадақтауды жараптайтынын", ондайға “табиғи иммунитеті” барын айтқан.

Астана соты белсенді Ермек Нарымбайды бес күнге қамады

Ермек Нарымбай
Ермек Нарымбай

Астана соты “сот шешімін орындамағаны үшін” (669-бап, 1-бөлігі) белсенді Ермек Нарымбайды бес күнге қамады. Бұл жөнінде сот қаулысына сүйенген ҚазТАГ жазды.

Сот қаулысында "әлеуметтік әділетсіздікті" қалпына келтіру және "заңды бұзған адамды тәрбиелеу" мақсатында, сонымен бірге оның "қайта заң бұзуына жол бермес үшін" белсендіні қамау туралы шешім шығарылғаны жазылған.

Әкімшілік хаттамаға қарағанда, биыл 20 наурыз бен 21 сәуір аралығында Ермек Нарымбай Facebook желісінде "әлеуметтік-саяси, экономикалық мәселе туралы он жазба жариялаған".

Бұған дейін адвокаты Василий Садықов бірнеше күн бұрын Ермек Нарымбайды полиция қызметкері "оның қолын қайырып, тіпті аяқ киім киюіне де мүмкіндік бермей, үйінен күштеп алып кеткенін", белсендінің денесі ауырғанын жазған еді. Полиция ол кезде түсініктеме бермеген.

2023 жылы қыркүйекте шыққан үкім бойынша Нарымбаевқа "қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық мәселелермен айналысуына" тыйым салынған. Осы шешім негізінде белсендіге “сот шешімін орындамады” (669-бап 1-бөлік) деген айып тағылған.

Сот шешіміне қарағанда, Нарымбай процесс кезінде бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылған бап өзгеріске ұшырағанын, сол себепті сол бап негізінде шыққан сот қаулысының заңдық күші жоқ екенін айтып, іс материалдарын Конституциялық сотқа жіберу туралы өтініш білдірген. Бірақ сот оның өтінішін орындамаған.

Ермек Нарымбай дәл осындай баппен наурыз айында да бес күн қамауда отырып шыққан еді.

Шолпанға жіберілген совет аппараты 53 жылдан кейін Жерге құлады

Байқоңыр айлағынан ұшырылған Шолпанға жіберілген советтік «Космос-482» аппараты 53 жылдан кейін – 10 мамырда таңертең Үнді мұхитына құлады деп хабарлады Роскосмос. Зонд Шолпанға баруы тиіс болған, бірақ аппараттағы ақауға байланысты тиісті траекторияға түсе алмай, жылдар бойы Жерге жақын эллипстік орбитада тұралап қалған.

"Космос-482" 1972 жылы 31 наурызда "Молния-М" ракета тасығышының көмегімен ұшырылды. Ол соған дейін бірнеше күн бұрын ұшырылған "Венера-8" станциясының көшірмесі болуы тиіс еді.

Ғарыш станциясының үдеткіші іске қосылмай, ол жылдар бойы эллипстік орбитада қалып, біртіндеп Жерге жылжи берген. Сол жылы маусымда ұшуды басқару орталығының операторлары үдеткіш пен ұшу модулін аппаратпен бөлу туралы шешім қабылдаған. Олар орбитадан 1981 жылы кетті.

  • Станцияны ұшырған зымыран тасығыштың үшінші сатысының бөлшектері 1972 жыл сәуірде Жаңа Зеландияның Эшбертон қаласы маңына құлады. Әрқайсысының салмағы 13,6 келі болатын төрт титан шары сол кезде бірден, бесіншісі 6 жылдан кейін табылды. Шарлардың бірі табылғаннан кейін полиция бөлімшесіне жеткізіліп, бекітілген. Оған не істеу керектігін ешкім білген жоқ, деп жазды New Zealand Herald. Совет билігі өзінің шарларға қатысын жоққа шығарды.
  • "Венера-8" Шолпан жұлдызына 1972 жылы шілдеде жетті. Аппарат планетаға қонып, сондағы желдің жылдамдығын өлшеп, топырағын зерттеген. Станция қонғаннан кейін 50 минут 11 секунд жұмыс істеген.

Путин Украинаға тіке келіссөзді жалғастыруды ұсынды. Атысты бір айға тоқтату туралы үндеуді жауапсыз қалдырды

Ресей президенті Владимир Путин Украинаға еш шартсыз 15 мамырдан бастап Стамбулда тіке келіссөзді жалғастыруды ұсынды. Ол Украина ұсынған атысты 30 күнге тоқтату туралы ұсыныс жөнінде мүлде айтпады.

Путин 11 мамырда түнде баспасөз жиынын өткізді.

Журналистер алдына шыққан Путин барлығын "жеңіс мерекесімен" құттықтады. Ол Ресей мен Қытай арасындағы қарым-қатынақа тоқталып, екі жақтың әріптестігін "шынайы конструктивті" деп атады.

Ол мұны Ресеймен "арсыз" қарым-қатынас жасап, ультиматум қойған мемлекеттерге қарсы қойды.

Путиннің айтуынша, ол Мәскеуге келген мемлекет басшыларымен келіссөз кезінде "Украинадағы соғысты реттеу" мәселесін де талқылаған. Ол Киевті энергетика нысандарына соққы жасады және бұған қоса, Мәскеудің біржақты түрде жариялаған атысты үш күнге тоқтату туралы режимін бұзды деп айыптады.

"Атысты тоқтату режимі жарияланған үш күнде Курск облысына мақсатты түрде бес шабуыл жасалды және Белгород облысы, өзге аудандарға 36 шабуыл талпынысы болды" деді Путин. Ол Украинаны Мәскеуге барған шет мемлекеттердің басшыларын қорқытуға тырысты деп айыптады.

Ресей президентінің айтуынша, атысты тоқтату туралы келесі келіссөзді Стамбұлда өткізген дұрыс. Ол 2022 жылы сол жақта бейбітшілік туралы келіссөз басталып, үзілгенін еске салды.

10 мамырда Киевте Украина президенті Владимир Зеленский Франция басшысы Эммануэль Макрон, Германия канцлері Фридрих Мерц, Польша премьері Дональд Туск және Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармермен кездескен.

Кездесуден кейін Зеленский 12 мамырдан бастап атысты 30 күнге тоқтату қажеттігі туралы ортақ мәлімдемені жариялады.

Мәлімдемеде тараптар атысты тоқтату үшін ешқандай шарт қоймау қажеттігіне келіскені жазыған.

"Егер Ресей осындай шарттарды алға тартса, онда мұны оның соғысты жалғастыру және дипломатияны үзу талпынысы ретінде қарастыру қажет" деп жазылған мәлімдемеде.

Мәскеу одан бас тартса, "Ресейдің отыны, мұнай мен кеме флотына бағытталған банк пен энергетика секторына" санкцияны үдету керектігі жазылған.

Жексенбі күні Путиннің Стамбұлдағы келіссөзді жалғастыру туралы ұсынысына реакция білдірген Киев "Мәскеу әуелі атысты тоқтатсын" деген талап қойды.

"Әуелі 30 күнге атысты тоқтатсын, одан кейін қалғаны. Ресей соғысты жалғастырғысы келетінін сөзбен жасырмауы керек. Атысты тоқтату - соғысты бітірудің алғашқы қадамы және ол Ресейдің адам өлтіруді тоқтатуға дайын екендігін дәлелдейді" деді Украина президенті кеңсесінің жетекшісі Андрей Ермак желіде.

Оның алдында осыған ұқсас пікірді Украина басшысы Владимир Зеленский де айтқан. Еуропа жетекшілері де Киевтің ұсынысын қолдап, Ресейді қантөгісті тезірек тоқтатуға үндеді.

Трамп Үндістан мен Пәкістан арасында атыс толық тоқтағанын мәлімдеді

АҚШ президенті Дональд Трамп
АҚШ президенті Дональд Трамп

АҚШ президенті Дональд Трамп Вашингтонның араағайындығының нәтижесінде Үндістан мен Пәкістан арасында атыс тоқтағанын мәлімдеді.

"АҚШ-тың араағайындығымен түні бойы созылған келіссөздерден кейін Үндістан мен Пәкістан атысты дереу әрі толық тоқтатуға келіскенін қуана хабарлаймын" деп жазды Трамп Truth Social желісінде.

Атыс тоқтағаны жөнінде ақпаратты Пәкістанның вице-премьері Исхак Дар да растады.

Үндістан мен Пәкістан арасында жағдай 22 сәуірде Үндістанның бақылауындағы Кашмирде үнді туристеріне жасалған қарулы шабуылдан кейін күрт шыққан. Шабуылды исламистік сепаратистік топ мойнына алды. Қанды оқиғадан 26 адам қаза болды. Шабуылдаушылардың үшеуі Пәкістан азаматы екені айтылады.

6 мамырда Үндістан Пәкістанға қарсы әскери операция бастады. Делидің хабарлауынша, үнді әскері "теракт үшін пайдаланылған инфрақұрылымға соққы жасауды" көздеген. Пәкістан оған жауап ретінде әуе кеңістігін жауып, ракетамен соққы жасаған.

10 мамырда Пәкістан Үндістанға қарсы "Берік қабырға" атты ауқымды ірі әскери операция бастағанын хабарлады. Исламабад әскери қимылды елдің "егемендігі" мен оның "езілген азаматтарын" қорғау қажеттігімен түсіндірді.

Ақпарат құралдарының жазуынша, пәкістандық армия бірнеше үндістандық әскери нысанға шабуылдаған. Дели пәкістандық әскерді бейбіт аудандарға соққы жасады деп айыптады.

Ұлыбритания, Германия, Франция және Польша басшылары Киевке барды

Ұлыбритания, Франция және Германия басшыларының пойызда отырған сәті.
Ұлыбритания, Франция және Германия басшыларының пойызда отырған сәті.

10 мамырда Киевте Украинаға әскери көмекті жалғастыруға ниет еткен елдердің басшыларының келіссөзі өтеді

Украина ақпарат құралдары 10 мамырда таңертең Киевке Франция президенті Эмануэль Макрон, Ұлыбритания премьері Кир Стармер, Германия канцлері Фридрих Мерц және Польша премьері Дональд Тусктің пойызбен жеткенін хабарлады.


Украина сыртқы істер министрі Андрей Сибиганың сөзінше, “Украинаны қолдауға бағытталған маңызды шешімдер” қабылданады. Өзге жайттармен қатар атысты тоқтату шарттары мәселесі де талқыланады.

Ресей 8-10 мамыр аралығында Жеңіс күніне орай атысты үш күнге тоқтатынын мәлімдеген. Алайда екі жақ қарсы тараптың әскери қимылды жалғастырғанын айтты.

Пәкістан Үндістанға қарсы ірі әскери операция бастағанын жариялады

Үндістан сақшылары
Үндістан сақшылары

Пәкістан Үндістанға қарсы "Баньян-уль-Марсус" атты ірі әскери операциясын бастады. Бұл жөнінде жергілікті пәкістандық БАҚ-қа сүйенген BBC жазды.

Пәкістан ақпарат құралдарының жазуынша, операция аясында Пәкістан әскері Үндістан аумағындағы көп стратегиялық нысандарға соққы жасауды көздеп отыр. Дереккөздер гипердыбыстық BrahMos ракетасын бірігіп шығаратын үнді-ресейлік кәсіпорынның қоймасын жойғанын да айтқан.

Ақпаратқа қарағанда, сонымен бірге операциясы аясында Пәкістан Үндістанның Удхампур және Патханкот әуе базаларына да соққы жасаған.

Үндістан билігі соққыларға тиісінше жауап беретінін мәлімдеді.

Бұған дейін "Үлкен жетілік" елдері Үндістан мен Пәкістанды қазірдің өзінде кемінде 50 адамның өмірін қиған жанжалды ушықтырмауға шақырды.

Пәкістан әскери операция бастайтынын мәлімдеген соң АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Пәкістанға Үндістанмен келіссөз ұйымдастыру бойынша көмек ұсынды. АҚШ мемлекеттік хатшысы Пәкістан әскерінің қолбасшысы Асим Мунирмен сөйлесіп, Пәкістан мен Үндістанды мәселені бейбіт жолмен шешуге шақырған. Бұл жөнінде АҚШ мемлекеттік департаментінің өкілі Тэмми Брюс мәлімдеді.

6 мамырдың кешінен бастап Үндістан мен Пәкістан ауық-ауық бір-бірін артиллериядан атқылап отыр, салдарынан ондаған адам қаза тапқаны белгілі болды.

Ақын Темірхан Медетбек өмірден озды

Темірхан Медетбек
Темірхан Медетбек

Ақын Темірхан Медетбек өмірден озды.

“Қазақ поэзиясына құбылыс болып келген, ұлттың асқақ рухты ұлы ақыны Темірхан Медетбек дүниеден өтті” деді Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары Қасымхан Бегманов жергілікті БАҚ-қа.

Темірхан Медетбек 1945 жылы 6 наурызда Оңтүстік Қазақстан облысы (қазіргі Түркістан облысы) Сауран ауданы Аманкелді атындағы колхозда (казіргі Нұртас ауылы) дүниеге келген.

Алматыдағы Абай атындағы институттың филология факультетінде оқыған.

Әр жылдары түрлі басылымдарда түрлі қызмет атқарды. Республикалық “Ақиқат” қоғамдық-саяси журналының бас редакторы, 2006 жылы республикалық «Жұлдыз» әдеби-көркем журналының бас редакторы болған.

«Жанымның жапырақтары», «Сапар алдында», «Алыс шақырымдар», «Мәртебе», «Әуедегі толқындар», «Дауыс», «Көгершін қауырсындары», «Аңқа кептірген аңызақ», «Сырым бар саған айтатын», «Тағдырлы жылдар жырлары», «Көк түріктер сарыны» жыр жинақтары мен «Менің Абайым», «Баба дәстүрдің мұрагері кім?», «Сегіз қырлы сексен сырлы әлем бұл» атты кітаптары жарық көрген. Өлеңдері қырғыз, өзбек, украин, орыс, қытай, татар, тілдеріне аударылған.

Темірхан Медетбек көзі тірісінде қоғамдағы маңызды саяси тақырыптарға пікірін ашық білдіріп отырды. 2012 жылы Жаңаөзен оқиғасын тәуелсіз зерттеу бойынша құрылған комиссия құрамына кірген. 2016 жылы Жер мәселесі ушыққан кезде де пікірін ашық айтқан зиялылар қатарында болды. Қытай қазақтарына да араша сұрап, хат жазған.

Әріптестерінің айтуынша, марқұм кейінгі күндері сырқаттанып, ауруханаға түскен.

АҚШ-тағы аппеляциялық сот Азаттық радиосының қаржысын бермеу туралы шешімді жойды

Азаттық радиосының Прагадағы кеңсесі.
Азаттық радиосының Прагадағы кеңсесі.

АҚШ-тағы аппеляциялық соттың 11 судьясы 7 мамыр кешкісін АҚШ-тың жаһандық медиа агенттігі (USAGM) Азат Еуропа/Азаттық радиосына сәуірдің (12 млн доллар) ақшасын беруі тиіс деп шешті.

29 сәуірде Вашингтондағы сот Азаттық радиосына сәуірдің ақшасы берілуі тиіс деп шешкен. Бірақ кейін аппеляциялық соттың үш судьясы өзара дауыс беріп, бұл шешімнің орындалуын тоқтатқан. АҚШ президенті Дональд Трамп тағайындаған екі судья шешімді тоқтатуды жақтаса, Барак Обама тағайындаған бір судья ақша берілуі керек деген.

Ал 7 мамырда апелляциялық соттың 11 судьясы істі қайта қарап, ақша берілуі тиіс деген шешім қабылдады. 7 судья Вашингтондағы соттың шешімін қолдаса, төртеуі қарсы шыққан.

Енді USAGM бірінші инстанцияның 29 сәуірдегі шешімін орындап, ақшаны аударуы тиіс. Бірақ агенттік Жоғарғы сотқа шағымдана алады.

Наурызда USAGM Конгресcтің биыл Азаттыққа бөлген шамамен 75 млн долларын бұғаттағанын мәлімдеген. Мұндай шешімді USAGM-ның уақытша басшылығы АҚШ президенті Дональд Трамптың "АҚШ салық төлеушілерінің қаражатын ысырапсыз жұмсауды жою туралы" бұйрығы негізінде қабылдаған. Азат Еуропа/Азаттық радиосы Вашингтондағы федералды округтік сотта USAGM басшылығының шешіміне қарсы шағым түсірген. Cодан бері Азаттық радиосы мен USAGM арасындағы сот жалғасып жатыр.

  • Азат Еуропа/ Азаттық радиосы – 1953 жылдан бері жұмыс істейтін тәуелсіз медиаұйым. Ол Ғаламдық медиа жөніндегі агенттік арқылы АҚШ конгресі бөлетін қаражат есебінен жұмыс істейді.
  • Қазақ тілінде хабар тарататын Азаттық радиосы - Азат Еуропа/ Азаттық радиосының құрамдас бөлігі. Ол 1953 жылдан бері жұмыс істейді. Қаржыландыруды тоқтату туралы ақпарат шыққанда Азаттық оқырмандары оған қолдау білдіріп, түрлі пікір айтты.


Тағы

XS
SM
MD
LG