Рим папасы болып жаңадан сайланған XIV Лео жексенбі, 11 мамыр күні Ватикандағы Әулие Петр соборы балконына шығып, "Regina Caeli" — "Көк патшайымы" деп аталатын Құдай анаға арналған дұғаны оқыды.
Жаңа папа ретінде алғашқы діни жоралығысын жасаған кезде XIV Лео әлемдегі ірі державаларды бұдан кейін соғысқа жол бермеуге үндеді. Рим папасы Ресей мен Украина арасында шынайы әрі берік бітімге келу, Газада атысты тоқтату және ондағы барлық израильдік тұтқындарды босату қажеттігін айтты.
Папа Үндістан мен Пәкістан арасында жақында болған қарулы жанжалды тоқтату туралы келісімді құптап, Құдайдан "бейбітшілік тілегенін" мәлімдеді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Ватикандағы конклав Рим папасын сайладыКардинал Роберт Прево биыл 8 мамырда Рим папасы болып сайланып, өзіне XIV Лео деген есімді таңдап алды. Ол Рим-католик шіркеуі басшылығына келген алғашқы америкалық діндар ретінде тарихқа енді.
Ватиканның баспасөз қызметінің хабарлауынша, понтификтің таққа отыруына арналған салтанатты құлшылық рәсімі 18 мамырда өтпекші, ал көпшілікпен алғашқы жүздесуі 21 мамырға жоспарланған.
XIV Леоға дейін, 2013 жылдан бері Рим католик-шіркеуін басқарған папа Франциск 21 сәуір күні 89 жасында өмірден озды. Марқұмды 26 сәуірде, оның өз өсиеті бойынша, Римдегі Санта-Мария-Маджоре базиликасында жерледі.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Рим папасы Франциск қайтыс болды