12 мамыр күні Астана уақытымен таңертеңгі 6:33-те сейсмологиялық станциялар желісі Алматыдан оңтүстік-батысқа қарай 234 шақырым қашықта, Қырғызстан аумағындағы тауда болған жер сілкінісін тіркеді. Жерасты дүмпуі жер бетінен 10 шақырым тереңде болған, MPV шкаласымен 4,8 магнитудаға жеткен, энергетикалық класы – 10,4.
Хабарламада бірнеше ауылдың тұрғындары жер тербелгенін сезінгені айтылған: Қырғызстанның Жаны-Талап, Ақ-Кыя және Көк-Жар ауылдарында сілкініс күші – 3,5 балл, ал Қыдыралы, Сары-Иймек және Байченчек ауылдарында – 3 балл болған.
Өткен сенбіден бері Қазақстанның оңтүстік өңіріндегі тұрғындар бірнеше рет жерасты дүмпуін сезінді. 10 мамырда сағат 20.35-те Алматы маңында жер сілкінді. Қазақстанның төтенше жағдай министрлігінің сейсмостанция желісінің мәліметінше, эпицентрі Алматының оңтүстік-батысынан 35 шақырым жерде, Қазақстан-Қырғызстан шекарасында болған жерасты дүмпуінің күші Алматыда, Қаскелеңде және Қарғалы ауылында 2 балл болып сезілген. Ешкім зардап шекпеген, инфрақұрылымға зақым келгені туралы хабар түспеген.
11 мамыр күні Астана уақыты бойынша сағат 11:44-те Қазақстанның батысында жер сілкінді. Магнитудасы 4,3 баллға тең жерасты дүмпуі Теңіз мұнай-газ кен орны аумағында (Атыраудан оңтүстік-шығысқа қарай 350 шақырым) тіркелген. Сілкініс ошағы 10 шақырым тереңде орналасқан. Куәгерлердің айтуынша, жерасты дүмпуі шамамен 5 секундқа созылған. Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігі жер сілкінгенін растады, алайда ол сезілген жоқ және халықтан ешқандай суыт хабар түспеді деп мәлімдеді.