АҚШ пен Қытай баж алымын уақытша 115 пайызға төмендете тұруға келісті

АҚШ пен Қытай тулары

АҚШ пен Қытай өзара саудада бұған дейін жарияланған импорттық баж салығын едәуір арттыруды 90 күнге кейінге қалдыра тұру жөнінде уақытша келісімге келді. Бұл туралы Женевада өткен келіссөз қорытындысы бойынша АҚШ-тың қаржы министрі Скотт Бессент хабарлады.

Баж салығын бірнеше кезеңмен көтеру нәтижесінде АҚШ Қытайдан әкелінетін кейбір тауарларға салған баж салығы 145%-ға дейін, ал Қытай АҚШ тауарларына баж алымын 125% етіп ұлғайтқан еді.

Бессенттің айтуынша, енді тараптар баж салығын кем дегенде 90 күнге 115%-ға төмендете тұруға келіскен. Ақ үй келіссөз нәтижесі бойынша бірлескен мәлімдеме жариялады. Онда бұл келісім осы аптада, 14 мамырдан бастап күшіне енетіні айтылған.

Бұл келісім Қытайдың америкалық тауарларға салатын баж салығы бастапқы 10% деңгейіне түседі, ал АҚШ-тың Қытай тауарларына салатын бажы 30% болады дегенді білдіреді. Алдағы үш ай ішінде тараптар өзара сауда мәселелері бойынша келіссөздерді жалғастырады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Трамп Қытайға қарсы баж салығын тағы 50 пайызға көтерем деді, Пекин "соңына дейін күресетінін" айтты

Бұл жаңалық нарыққа оң өзгеріс әкелді: активтер құны өсіп, мұнай мен биткоин да қымбаттады.

АҚШ әкімшілігі Қытай тауарларына баж салығын осы елмен саудадағы теңгерім әділ емес деген сылтаумен көтеруді ұйғарған. Вашингтон Қытай билігін "синтетикалық есірткі фентанил өндіруге қолданылатын химиялық заттар экспортына тосқауыл қоймады" деп кінәлаған. Қытай болса өзі негізсіз деп санайтын айыптауларға бола төменшектемейтінін айтып, өз мүдделерін қорғайтынын мәлімдеген.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ БАҚ: Трампты баж енгізуді тоқтата тұруға қаржы мен сауда министрлері көндірген